Мектеп тарихы
Мектеп тарихы
Билікөл мектебі 1930 жылы Әулиеата оязына қарасты Чапаев ауылында 4 жылдық мектеп негізінде құрылды.1935-1936 оқу жылында жеті жылдық мектеп болып қайта құрылып, Билікөл совхозының орталығы Қарабастау ауылына көшірілді.1949 -1950 оқу жылында орта мектеп болып, сол жылы алғашқы түлектерін ұшырды.Билікөл орта мектебінің алғашқы директоры Исаев Ғаббас Жанұзақұлы. Бүгінге дейін Билікөл орта мектебі 51 рет өз түлектерін мектеп қабырғасынан ұшырды. Осы аралықта мектепті шамамен 1970 түлек бітірді. Олардың ішінде мектепті 14 оқушы медальмен бітірген. Мектеп түлектерінің ішінде 21 адам ғылыми диссертация қорғаған. Олардың арасында 2 ғылым докторы, 2 армия генералы бар. Мектептің 18 түлегі Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп қайтқан. Олардың ішінде 7 жауынгер орден,медальдармен марапатталған.1962 жылдан 1995 жыл аралығында Слямханов Сайлаухан басшылық етті.1971 жылы Билікөл орта мектебіне Әулиеата уезінде коллективтендіру науқанының белсенді мүшелерінің бірі Қошмамбетов Қарымбайдың есімі берілді. Қарымбай Қошмамбетов 1897 жылы Әулиеата уезіне қарасты Билікөл ауылында дүниеге келген .
1922 жылы Қарымбай қалалық, өлкеаралық милиция бастығы, содан кейін Әулиеата уездік кеңесіне төраға болып бекітілді. Ел басына күн туған шақта ауыртпалықты елімен бірге көтерді. 1924 жылы ол Ташкентке жіберіліп, онда Түркістан Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды.1926-1928 жылдары ол Орал өлкелік өкілеттігі төрағасы, осы кезде ол ірі қоғам қайраткері деңгейіне көтеріледі. Еңбекшіл қазақ халқының ардақты азаматы Қ.Қошмамбетов 1930 жылы 9 қарашада қайтыс болды.
Ұлы Отан соғысы кезінде мектептің біраз мұғалімдері мен қызметкерлері елімізді жаудан қорғады.Олардың қатарында А.Сыдыков,Сыдыков П., М.Тюганов,К.Жанқабаев,С.Дауталиев сияқты азаматтар бар.Мектептің ұжымында бір Қазақстан Республикасы және КСРО оқу ісінің үздігі және 6 Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі атағын алған мұғалімдер қызмет етеді.